16 бала асырап алған ақмолалық әке Павлодарға келді
Ол — «Бала отбасында өмір сүруі керек» қоғамдық қозғалысының белсенді мүшесі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Шаһарда бала асырап алған отбасыларды қаржылық қолдау мәселесі көтерілді. Кездесуге Ақмола облысынан қабылдаушы әке, «Маған аспанды көрсетші» кітабының авторы қатысып, өз оқиғасымен және тәжірибесімен бөлісіп, аталған мәселеге қатысты көзқарасын білдірді.
Мұрат Қабылбаев — Ақмола облысы, Бурабай ауданы, Кенесары ауылының тұрғыны. Бүгінгі күні 17 бала тәрбилеп отыр. Айта кетерлігі, оның 16-сы асыранды.
– Жұбайым екеуміз 2001 жылы шаңырақ көтердік. Он жылдай баламыз болмады. 2011 жылы Ибраһим деген ұлымыз өмірге келді. Бала асырап алуды ұлымыз екі жасқа толған кезде нақты шештік. Сол жылы үйімізде маңдайында жеті деген саны бар бұзау төлдеді. Сонымен, 7 балаға пана боламыз деген шешімге келдік, – деді Мұрат Қабылбаев.
Сол жылы, көп балалы отбасы төрт баланы асырап алса, жарты жылдан кейін үш баланы бауырына басқан. Кейін Алматы қаласында балалар үйі жабылып жатқанда екі егіз баланы алу үшін өтініш берген.
– Кейін тағы төрт бала Астанадан алдық. Ал, екі жыл бұрын Бурабай ауданында төрт бала жетім қалып, аудан әкімдігі оларды отбасымызға алу туралы қолқа салды. Сонымен сол жылы отбасымыз тағы төрт балаға толықты. Біздің отбасымызда орыстар, украиндар, қазақтар, түркмендер бар. Бірақ бәрі қазақша сөйлейді, – деді спикер.
Асырап алған балалардың ең кішісі 5, ал ең үлкені 23 жаста. Төлеген есімді ұлдары Павлодар қаласындағы Торайғыров университетінде қазақ филология факультетінде оқиды.
Сонымен қатар, Мұрат Қабылбаев өзінің қазіргі үлкен отбасының түрлі кезеңі мен сәттерін әңгімелейтін күнделігінен «құралған» «Маған аспанды көрсетші» кітабын жарыққа шығарған.
Еске сала кетейік, көп балалы әкенің ұлы Төлеген Булкин TikTok желісінде «Сары бала» атымен танымал. Әлеуметтік желіде тікелей эфирде Құран оқып, желі қолданушыларын таңғалдырған. Бүгінде оның аталған әлеуметтік желісінде 30 мыңға жуық жазылушысы бар.